
Каштекова Бақыт Абылкасымовна Семей қаласындағы №1 «Арман» ясли - бақшасы» КМҚК директоры, білім саласында 47 жылдан астам уақыт адал еңбек етіп, абырой биігінен көрініп, білімнің үлкен жанашыры, шәкірттері сан мәрте биік белестерді бағындыруға баулыған, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған парасатты ұстаз.
Бақыт Абылкасымовна «Арман» ясли – бақшасының ұжымын 25 жылдан бері іскерлікпен, ұйымшылдықпен басқарып келеді. Бүгінде балабақша білім беру саласында көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, игі істерді, бүлдіршіндерді өмір баспалдағынан дұрыс көтерілуіне қажырлы еңбек етуде.
Жаңа қайта құру және «ақпараттың жұтаң» кезеңінде, ешқандай инновациялық бағдарламалар болмағанда, «Арман» ясли – бақшасы жаңа ізденіс кезеңінде мектепке дейінгі жаңа экологиялық бағыттағы бағдарламаны құрып және оны оқу процесіне енгізу үшін Новосибирск қаласынан профессор М.Н. Сигимованың жетекшілігімен үш жыл бойы балабақшада «Салауатты өмір салтының» физиологиялық аспектілері, «Баланың жеке бас экологиясы» деп аталатын жаңа тәрбиелеу – білім беру бағдарламасын іс жүзіне асыру бойынша республикалық эксперименттік алаңы болып жұмыс істеді.
2001жылы «Арман» балабақшасы «Жылдың Таңдаулы балабақшасы» Республикалық сайысының қола жүлдесіне ие болды. Осы жылы педагогтар білім саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының базасында өткен облыстық «Үздік мектеп алды даярлық моделі» байқауының Гран – При жүлдесінің иегері атанды. ҚР БҒМ №381 бұйрығының негізінде 07.07.2003 жылдың және ҚР Білім Департаментінің хаты №1-13-0478 «Арман» балабақшасы «Өзін-өзі тану» курсын мемлекеттік тілде апробациялау және енгізу бойынша Республикалық эксперимент республикалық эксперименттік алаңы мәртебесіне ие болды және Қазақстанның балабақшаларында осы пәнді қазақ тілінде енгізудің алғашқылардың бірі болды. 2006 жылы осы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде «Арман» мектепке дейінгі тәрбие мекемесі «Білім ұясы» І Республикалық сайысына қатысып «Ең таңдаулы балабақша-2006» Гран-При жүлдесін жеңіп алды және «Білім ұясы» кубогымен марапатталды. 2010ж «Арман» балабақшасы «Өзін-өзі тану» курсы бойынша республикалық экспериментті нәтижелі аяқтап, балабақша өз тәжірибесін республика бойынша таратты. 2013 оқу жылы желтоқсан айында мемлекеттік аттестаттаудан жоғары денгейде өтіп, комиссияның шешімімен «№1 «Арман» ясли – бақшасы инновациялы технологиялық ғылыми – әдістемелікпен айналысатын тәрбие мен білімділік орталығын құру және облыс бойынша балабақшаның іс – тәжірибесі таратылсын деген ұсыныс берілді. 2016 жылғы 14 шілдедегі VI шақырылған ШҚО мәслихатының кезекті V сессиясының №5/51 – VI шешіміне сәйкес облыстық білім басқармасының 2016-2019 жылдарға арналған «Дарынды мектеп» кешенді жоспарын іске асыру бойынша 2016 жылғы 29 тамыздағы №359 бұйрығының негізінде «VALEO» интеллектуалдық дамыту курсы «Ой ойна» ойын технологиясы зертханасы бойынша жүргізілген эксперименттік жұмысты нәтижелі аяқтады. Сонымен қатар, 2019 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұстазым – мақтанышым» кіші жобасы аясында өткізілген «Мектепке дейінгі үздік балабақша» облыстық байқауының қалалық кезеңінде І орын және «Мектепке дейінгі үздік балабақша» облыстық байқауының ІІ орын иегері атанды.
Бақыт Абылкасымовнаның сан жылдар бойғы өз уақытын аямай, өзгенің бақтын аялаған үлкен жүректі ағартушылық-ұстаздық еңбегі орынды бағаланып, іскерлігі, білімдарлығы, адами қасиеттері ескерусіз қалған жоқ. ҚР «Білім беру саласының құрметті қызметкері» белгісімен және Ы. Алтынсарин медалімен марапатталды және ұстаз есімі үздік педагог – новатор ретінде «Қазақ Елінің үздік ұстазы», «Қазақстанның үздік адамдары», «Шығыс жұлдыздары» энциклопедияларына енді.
Білім саласына қосқан елеулі үлесі үшін ҚР Тәуелсіздігінің 25 жыл толуына орай «Мәңгілік Елдің мәртебелі мұғалімі» медалімен марапатталды және саналы тәрбие берудегі озық іс-тәжірибесін ұсынып, ұстаздық шеберлігін, біліктілігін жоғары дәрежеде танытқаны үшін Грамотамен марапатталды. Ал бүгінгі күні Ұлағатты ұстаз, тәжірибелі тәлімгер, аяулы жанның мектепке дейінгі білім беру саласындағы қажырлы еңбегі тағы бір мәрте жоғары бағаланып еліміздің Тәуелсіздігі күні қарсаңында, Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 9 қарашадағы Жарлығымен Каштекова Бақыт Абылкасымовна «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
№1 «Арман» ясли – бақшасы ұжымы құрметті де, аяулы басшымыз Бақыт Абылкасымовнаны жоғары мемлекеттік марапатымен шын жүректен құттықтаймыз! Сізге зор денсаулық, жанұяңызға мол бақыт, қажымас қайрат, талмас қанат тілейміз. Еліміздің ертеңі – жас урпақты тәрбиелеу жолындағы ізгі істеріңізге, білім саласындағы атқарып жатқан еңбегіңізге әрқашан сәттіліктер тілейміз!
«Қыран түлегіне қайыспас қанат сыйлайды, ал ұстаз шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды» дегендей, тәлімгерінен талмайтын талап, өмір теңізіне құлаш ұрған кез-келген шәкірт, мол тәжірибесінен өмірге өздеріне нәр алған әріптестері ұлағатты ұстазымен, жетекшісімен мақтанады.








